История школы

1993 жылы Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінде 18 және №2 Явленка орта мектебінде 19 оқушыдан тұратын қазақ тілінде білім алушы бірінші сыныптар ашылды. №1 Явленка орта мектебінде 1-сыныптың мұғалімі болып Қорғамбаева Зауре Тұрғынқызы және №2 Явленка орта мектебінде бірінші сынып мұғалімі болып Нұрахметова Әсел Марланқызы тағайындалды.

Ана тілінде білім алғысы келетін оқушылардың саны күннен-күнге арта түсті. 1994 жылы 1-қыркүйектен бастап, екі мектепте қатар аралас мектеп қылып ұстау аудандық білім бөліміне тиімсіз болуына байланысты қазақ тілінде оқитын сыныптар №1 Явленка орта мектебіне ауыстырылды.

2000 жылдың шілде айында Есіл ауданының аудан орталығында қазақ мектебін ашу туралы аудан әкімінің шешімі қабылданды. Мектеп ғимаратына бұрынғы қонақжайдың ғимараты берілді.

Жаңа ашылған мектептің директоры болып Оспанов Ертай Ебікейұлы тағайындалды.

2000 жылдың 25 қазанынан бастап №3 Явленка орта мектебі қазақ тілінде білім беруге көшкен еді. Мектеп өз жұмысын 18 оқытушы және 137 оқушымен бастады.

2001-2002 оқу жылында 195 оқушы білім алды.

2002 жылы тамыз айында №3 Явленка орта мектебі №2 Явленка орта мектебінің ғимаратына ауыстырылды. Оқушылардың саны 300-ге жетті.

2002 жылы бұрынғы №3 Явленка орта мектебінің ғимаратында 60 орынға арналған интернат ашылған болатын. Интернат меңгерушісі болып Клюкова Гүлнар Жоламанқызы тағайындалды.

2005 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Даниял Ахметовтың үкімімен №3 Явленка орта мектебіне жерлесіміз, еліміздің атақты, талантты кинорежиссері Аяған Шәжімбаевтың есімі берілді және 2005 жылдың 1 қыркүйегінде мектеп қабырғасына Аяған Шәжімбаевқа мемориалдық тақта қойылды.

2007 жылы 25 қарашада кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтың 55 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде «Жерлес дарынға тағзым» деген атпен аталып өтті.

2009 жылдың 1 қыркүйегінде мектеп ішінде мектепке дейінгі жастағы балалар үшін 60 орындық шағын орталық ашылды.

2010 жылдың бірінші қазанында шағын орталық толық күндік жұмыс уақытына ауысты. Шағын орталық меңгерушісі болып Исмагулова Райхан Серікбайқызы тағайындалды.

2012 жылы 25 қарашада Кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтың 60 жылдығына орай мектепте мектеп мұғалімдерінің ұйымдастыруымен  «Өнермен өрілген өмір» атты Республикалық деңгейде іс-шара өтті. Бұл іс-шараға Алматы қаласынан арнайы «Қазақфильм» киностудиясының вице президенті және А.Шәжімбаевпен бірге қызметтес болған әріптестері, актер, режиссерлар және облыстық баспасөз және телестудия қызметкерлері қатысты. Тарих пәнінің мұғалімі Газизова Орал Зәйтүнқызы  А.Шәжімбаевтың еңбек жолын зерттеу нәтижесінде және мектеп директоры Оспанов Ертай Ебікейұлының ұсынысымен  аудан әкімі Нұрақаев Ерік Есімұлының қолдауы арқасында мектеп ішінде жеке кабинет бөлініп, қазіргі заман талабына сай жасақталған  Аяған Шәжімбаевтың мемориалдық мұражайы ашылды.